Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған «Сыр мен сымбат» қыз-келіншектер клубының және «Руханият және талдау орталығы» КММ-нің бірлескен ұйымдастыруымен «Салт-дәстүрім – асыл қазынам» тақырыбында тағылымы мол танымдық кеш өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, ұрпақ тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, қыз-келіншектердің рухани-мәдени деңгейін арттыру, өзін-өзі дамытуға, салауатты өмір салтына бағыттау.
Кешке аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Байғазыұлы Тәжібеков, аудандық «Бибі әжелер» алқасының мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты. Қонақтар ұлттық дәстүрді ұлықтауға бағытталған осындай игі бастаманың маңызын атап өтіп, клуб жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шара аясында ұмыт болған салт-дәстүрлер көрінісі сахналанып, ұлттық тағылым мен отбасы тәрбиесі жөнінде аналар мен әжелер кеңестерімен бөлісті. Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін көрме ұйымдастырылып, ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдары көрсетілді. Шара соңы ән мен күйге, ұлттық би мен мерекелік көңіл-күйге ұласты.
Бұл іс-шара – қазақ қызының бойындағы ибалық, инабаттылық пен ұлттық болмысты жаңғыртуға арналған тәрбиелік мәні зор мәдени бастама ретінде жоғары деңгейде өтті.
Аталған кеш – аудан жастарының шығармашылық әлеуетін арттыруға, мәдени ортада өзін еркін көрсетуіне мүмкіндік беретін тиімді алаң болып отыр. Осындай мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіледі деп жоспарлануда.

